Инклюзивті білім беру бағдарламаларын әзірлеу – ғалымдардың әлеуметтік жауапкершілігі
ksu@korkyt.kz +7242 26-27-14, Қабылдау комиссиясы +7242 23-53-92
  • 15 қаңтар 2025
  • 93

Инклюзивті білім беру бағдарламаларын әзірлеу – ғалымдардың әлеуметтік жауапкершілігі

Біз өз оқырмандарымызды Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдарымен, халықаралық ғылыми тағылымдамалардың қатысушыларымен таныстыруды жалғастырамыз. Бүгін біз Ұлыбританиядағы Рединг университетінде оқитын "Болашақ" бағдарламасының студенті Есенжол Асылбекұлы Назаровпен әңгімелесеміз.

- Есенжол Асылбекұлы, біз Сіздің зерттеуіңіздің негізгі міндеттерінің бірі ерекше қажеттіліктері бар студенттер үшін білім беру бағдарламасын құру екенін білеміз. Неліктен сізді дәл осы тақырып қызықтырды?

– Инклюзивті әдістерді әзірлеу және енгізу – бүгінгі таңда көптеген елдердің ғалымдары алдына қойып отырған міндет. Сондай-ақ Қазақстан білім беру үдерісінде қоғамның барлық әлеуметтік кедергілерін жоюға ұмтылады және ерекше қажеттіліктері бар студенттерге тиісті қолдау көрсету үшін ғылым өкілдеріне әлеуметтік және этикалық жауапкершілік жүктейді.  Редингте оқу маған өз білімімді қолдануға ғана емес, сонымен қатар инклюзивті білім берудің маңыздылығын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Мен түрлі іс-шараларға, жиналыстарға, ғылыми конференцияларға қатыстым, онда әріптестеріммен бірге өзекті мәселелерді талқылап, шешу жолдарын таптық. Бұл тәжірибе менің ой-өрісімді едәуір кеңейтті және командалық жұмыс пен коммуникация дағдыларымды дамытуға көмектесті.

Мұнда мен инклюзивті білім беру бағдарламасын әзірлеуге байланысты нақты жобаға қатысуға мүмкіндік алдым, оған қатысу тәжірибесі маған теориялық білімді практикада қолдануға, сондай-ақ инклюзивті білім берудің маңызды аспектілерін тереңірек түсінуге бірегей мүмкіндік берді. Жоба бойынша жұмыс әртүрлі мамандармен: оқытушылармен, психологтармен және әкімшілермен бірлесіп әрекет қылуға мүмкіндік берді.  Мен әр студенттің жеке қажеттіліктерін ескеру және олардың табысты оқуы мен дамуына жақсы ықпал ететін бағдарламаларды әзірлеу қаншалықты маңызды екенін көрдім. Бұл тәжірибе маған стратегиялық жоспарлаудың маңыздылығын ғана емес, сонымен қатар білім беру жобаларын басқару үдерісінде икемділік пен бейімделудің қажеттілігін үйретті. 

Әрбір студент бірегей және олардың қажеттіліктері айтарлықтай айрықша болуы мүмкін. Мысалы, ерекше қажеттіліктері бар студенттерге арналған бағдарламаны әзірлеу мәнмәтінінде оқу мәнері, оқу қиындықтарының болуы және оқыту әдістеріне артықшылық беру сияқты факторларды ескеру маңызды. Осы жеке мінездемелерді түсіну инклюзивті және бейімделген оқу бағдарламаларын құруға мүмкіндік береді.

     WhatsApp Image 2025-01-15 at 15.00.41 (1).jpeg    WhatsApp Image 2025-01-15 at 15.00.42 (1).jpeg

- Білім беру бағдарламаларын әзірлеу үдерісі – жоғары білім беру жүйесіндегі маңызды кезең.  Сіз халықаралық әріптестеріңізбен өзара әрекеттесу кезінде бағдарламаларды құру алгоритмінде көп айырмашылықтарды байқадыңыз ба?

- Тағылымдаманың құндылығы теория мен практиканы интеграциялау, білім беру саласындағы жұмысты терең түсіну және мансап бойы қажет болатын дағдыларды дамыту болып табылады. Бұл тәжірибе тек кәсіби ғана емес, сонымен қатар мен шын жүректен мақтан тұтатын жеке жетістікке айналды. Білім беру бағдарламаларын әзірлеу үдерісі - бұл көптеген кезеңдер мен аспектілерді қамтитын жан-жақты және көп қырлы жұмыс. Рединг университетіндегі тағылымдамам барысында мен осы үдерістің негізгі элементтерін, сондай-ақ олардың білім беру бастамаларының сәттілігі үшін маңыздылығын тереңірек түсіндім.

Қазақстандық алгоритм бағдарламаларды әзірлеудің халықаралық стандарттарынан айтарлықтай ерекшеленеді деп айтпас едім. Білім беру бағдарламасын құрудағы алғашқы қадам - бұл мақсатты аудиторияның қажеттіліктерін талдау. Студенттердің кім болатынын, олардың ерекшеліктері мен қажеттіліктері қандай екенін және бағдарлама оларды қалай қанағаттандыра алатынын түсіну маңызды. Мен ерекше қажеттіліктері бар студенттердің қажеттіліктері туралы деректерді жинауға бағытталған зерттеуге қатыстым, бұл маған осы кезеңнің маңыздылығы туралы түсінік берді. Қажеттіліктерді талдау негізінде біз бағдарламаның мақсаттары мен міндеттерін анықтадық.  Бағдарламаның болашақтағы жетістігін бағалау үшін мақсаттар нақты және өлшенетін болуы керек екендігі белгілі болды. Бағдарламаның өзекті және тиімді болуы үшін қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді мақсаттарды да ескеру маңызды. Оқу жоспары мен курстардың мазмұнын әзірлеу келесі кезең болып табылады. Мұнда теориялық білім мен практикалық дағдыларды біріктіретін теңдестірілген бағдарлама құру маңызды. Мен оқытушылардың үдерістің тиімділігін қамтамасыз ету үшін әртүрлі оқыту әдістерін қоса алғанда, модульдік бағдарламаларды әзірлегеніне куә болдым. 

Бағдарламаларды әзірлеу барысында әртүрлі мүдделі тараптарды тарту маңызды. Бұл оқытушылар да, әкімшілік өкілдері де, студенттер де, тіпті ата-аналар да болуы мүмкін. Осы топтармен талқылау және үйлестіру нақты қажеттіліктер мен үміттерге бүтіндей және толық жауап беретін бағдарламаны құруға көмектеседі.  Жалпы, мен әріптестеріммен ғылыми өзара әрекеттесудің нәтижесіне өте ризамын, сол әрекеттесу барысыныда бір-бірімізден үйрендік.

WhatsApp Image 2025-01-15 at 15.00.41.jpeg

WhatsApp Image 2025-01-15 at 15.00.42.jpeg

- Рединг университеті – көп жылдық тарихы бар әлемге әйгілі оқу орны.  Ол жеке Сіз үшін несімен есіңізде қалады?

- Дұрыс айтасыз, бұл жүргізіліп жатқан зерттеулердің сапасы мен оқытудың жоғары деңгейінің арқасында бүкіл әлемге танымал көрнекті оқу орны.  Университет 1892 жылы өнер және ғылым колледжінің негізінде құрылды. Бұрын оқу орны Оксфорд университетінің құрамына кіретін, бірақ 1926 жылы университетке автономды университет мәртебесін растайтын Корольдік грамота берілді.

Қала Лондонға жақын, көптеген адамдар қала атауын «reading» - «оқу» сөзімен шатастырады, бірақ олай емес, бұл атау англо-саксондық «Readingas» тайпасынан шыққан.  Бұл тыныш, жайлы саябақтары бар, қысқа, жылы жазы және ұзақ, желді қысы бар ескі қала. Кейде желді күндер біздің Қызылорда ауа-райын еске салады.   Рединг университеті әлеуметтік өзгерістерді жүзеге асыруда академиялық шекараларды кеңейтуде үлкен нәтижелерге қол жеткізгенімен де танымал. 2018 жылғы жаһандық университет рейтингінде Рединг университеті әлемдегі ең үздік 200 жоғары оқу орындарының қатарына қосылды. Бұл өте үлкен жетістік.

Жоғарыда айтқанымдай, университетте біз нақты жобамен жұмыс істедік, ғылыми жобалық топ құрдық, оның құрамына Қазақстан Республикасының түрлі жоғары оқу орындарының 6 профессоры кірді. Бірінші кезеңде зерттеушілер тобы «Білім берудегі менеджментті іске асыру шеңберіндегі гендерлік теңдік идеологиясы» тақырыбында жұмыс істеді. Біз негізгі гендерлік архитектураны құру, басым нәтижелерді анықтау, үлгілі модельдерді кезең-кезеңімен енгізу және білім беру бағдарламаларын интеграциялау мақсатын көздедік. «Гендерлік алшақтық», біз түсінетініміздей, революциялық техникалық дағдыларды қажет ететін секторларда болуы ықтимал. Біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде алаңдаушылық тудыратын әлеуметтік-экономикалық, мәдени-психологиялық, қоғамдық-саяси мәселелердің тұтас кешені бар. Бұл сонымен қатар жоғары мектеп пен ғылым жайлы.  Қазақстандық әріптестермен және басқа елдердің ғалымдарымен біз білім берудегі теңсіздік факторларын зерделеуге және жоюға жәрдемдесуге тырыстық.

Бастапқыда білім берудегі проблемаларды анықтап, оларды ғылыми зерттеулер арқылы шешу қажет болды. Ол үшін біздің команда сабақ беруді, оқытуды және кәсіби тәжірибені жақсарту жолдарын зерттеді және білім беру саласындағы көшбасшылықты қолдау стратегиялары мен жүйелерін әзірледі және енгізді. Сонымен қатар, білім беру саясаты мен оқу жоспары немесе қаржыландыруды үлестіру сияқты шешімдер талқыланды. 

Содан кейін команда «STEM білім берудегі жасанды интеллект» тақырыбындағы зерттеу аясында тер төкті.  Бұл кезеңде біз жұмысты стендтік баяндама, постер түрінде қысқаша ұсыну тапсырмасын орындадық. Профессор Д. Йоттың басшылығымен біз бакалавриат студенттерінің дағдыларын дамытуда жасанды интеллектті қолдану саласындағы әдіснаманы зерттеуде берік нәтижелерге қол жеткіздік.

Негізгі оқу үдерісі дәріс форматында ұйымдастырылды, сабақтардың көпшілігі шеберлік сыныптары, семинарлар, дәрістер мен тренингтер түрінде өтті. Кейбір сабақтар практикалық сипатта болды, мысалы, бағдарламалау, командалық жұмыс, топтағы көшбасшылық және т. б.  Мұнда ашық ауада сабақ өткізу іске асырылады. Барлық жерде достық, ашықтық және өзара әрекеттесуге деген ұмтылыс сезіледі.

Бұл құнды тәжірибе мен үшін ғалым ретінде ғана емес, сонымен қатар халықаралық білім беру және мәдени алмасудың бір бөлігіне айналған қарапайым қазақстандық ретінде де маңызды. 

- Қазақстанға оралғанда халықаралық тәжірибеңізді қалай пайдалануды жоспарлап отырсыз? 

- Мемлекетіміз бен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің басшылығы бізге «500 ғалым» бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтуге және әлемнің үздік университеттері мен ғылыми зертханаларында зерттеулер жүргізуге бірегей мүмкіндік берді. Әрине, тағылымдама ғылыми, ғылыми-техникалық кадрлардың біліктілігін арттыруға бағытталған.  Тағылымдама нәтижесінде мен орнықты даму мақсаттарын, көшбасшылықты түсінуді кеңейтуді, климаттық білім туралы хабардарлықты ескере отырып, білім беру бағдарламаларын басқару және әзірлеу саласында кәсіби дағдыларды арттыруға қол жеткіздім. Осы жаңа технологиялардың барлығы менің Қазақстандағы күнделікті оқытушылық жұмысымда және зерттеу қызметімде пайдаланысқа ие болады.  
Әрбір ғалым жетістікке жетуге, әлемдік ғылыми қоғамдастықта танылуға және өз көкжиегін кеңейтуге ұмтылады.  Халықаралық тағылымдама – бұл ғалымның, жалпы әртүрлі елдердің ғылыми қауымдастығының ғылыми мансабын дамытудың үлкен мүмкіндігі.  Бұл сонымен қатар кәсіби байланыстар мен құзыреттіліктерді одан әрі кеңейтуге ықпал ететін тілдік дағдыларды жақсарту мүмкіндіктері. Жалпы, тиімді халықаралық тағылымдама ғалымдар мен университеттердің, сондай-ақ біз тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттердің беделін және халықаралық танылуын арттырады.

- Қызықты әңгімеңізге көп рақмет.


Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы
Байланыс телефоны: 8(7242) 26-21-34
 e-mail: media_korkyt@mail.ru

 

 

 

 

Қолжетімді қызметтер

PLATONUS

platonus.kz

E-univer

https://e-univer.korkyt.kz/

Call center

+7-7242-558877

МООK

МООK (Жаппай ашық онлайн сабақ)

Erasmus

erasmus

Сабақ кестесі

толығырақ...

Ғылыми кітапхана

толығырақ...