Ғылымды дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру және білім сапасы – Сенат депутаттарының күн тәртібінде
ksu@korkyt.kz +7242 26-27-14, Қабылдау комиссиясы +7242 23-53-92
  • 24 шілде 2025
  • 97

Ғылымды дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру және білім сапасы – Сенат депутаттарының күн тәртібінде

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов Сыр өңіріне жұмыс сапары аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-оқытушылар құрамымен және ұжымымен кездесу өткізді. Жиынға «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов қатысты.

Депутаттар университеттің «Археология және этнография» ғылыми орталығының көрмесін аралап, экспозициядағы бірегей жәдігерлермен танысты. Ғылыми орталық өкілдері тарапынан көне артефактілер мен өңір тарихына қатысты мағлұматтар ұсынылды.

Сапардың негізгі мақсаты – Сенат тарапынан қабылданған заңнамалық өзгерістердің өңірлік ғылым мен жоғары білім беру ұйымдарына, студенттер мен оқытушыларға тигізетін әсері мен мүмкіндіктерін түсіндіру, сондай-ақ білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен ғылыми әлеуетті дамыту жолдарын талқылау болды.

Кездесу барысында университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Каримова мәртебелі меймандарға оқу орнының жетістіктері мен жүзеге асып жатқан жаңа бастамалар жөнінде жан-жақты ақпарат берді.

IMGL4606.jpg

IMGL4738.jpg

Жасанды интеллект институтының офис-менеджері Исламбек Саруар өз баяндамасында институттың жетістіктерін атап өтіп, алдағы оқу жылына арналған жоспарлармен таныстырды. Ол сондай-ақ Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университетімен жүзеге асып жатқан қос дипломды білім беру бағдарламасы жайлы ақпарат ұсынды.

«Информатика және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, PhD Мұрат Айтимов университетте қолға алынған қолданбалы зерттеулер, цифрлық және ғарыштық технологиялар, жетілдірілген өндірістер туралы баяндама жасап, олардың өңірлік даму үшін маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, ол қазіргі білім алушылар санының артуына байланысты оқу үдерісін тиімді ұйымдастыру үшін қосымша оқу ғимараты қажет екенін атап өтті. Заманауи ғылыми-инновациялық жобаларды дамыту, Академиялық артықшылық орталығын құру және өңірлік технологиялық экожүйені қалыптастыру мақсатында технопарк типіндегі арнайы ғылыми ғимарат салу қажеттілігі де көтерілді.

Кездесу еркін форматта өтіп, профессор-оқытушылар құрамы мен ғалымдар өз ойларын ортаға салды.

«Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханасының бас ғылыми қызметкері, химия ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрбол Аппазов жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың табысының бір пайызын ғылымды қаржыландыруға бағыттау туралы ұсыныс білдірді. Бұл бастама ғылыми зерттеулерді қолдау мен инфрақұрылымды дамытуға серпін беріп, ғылымды қаржыландырудағы мемлекеттік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

IMGL4695.jpg

IMGL4840.jpg

– Қазіргі таңда Қазақстанда көптеген ғылым саласы толыққанды қаржыландыруды қажет етеді. Жер қойнауын игеру – ел экономикасының маңызды бөлігі. Сондықтан бұл саланың табысының бір пайызын ғылымға бағыттау – ғылыми-инфрақұрылымды дамыту мен жаңа зерттеулер жүргізудің тиімді жолы. Сонымен қатар, қаржыландыруға арналған ашық конкурс механизмін енгізу қажет. Мысалы, 2007 жылы ҚР ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарында инженерлік бейіндегі зертханалар мен ұлттық зертханалар ашуға конкурс өтіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде материалдық-техникалық база едәуір дамыған болатын, – деді профессор Нұрбол Аппазов.

«Археология және этнография» ғылыми орталығының жетекшісі Сейдалы Билалов өз сөзінде Жанкент қалашығын республикалық маңызы бар мұражайлық-қорыққа айналдыру туралы ұсыныс білдірді.

– Жанкент – Қызылорда облысындағы көне қалалардың бірі, ортағасырлық тарихымыздың құнды ескерткіші. Оны үлкен мұражайға айналдыру – еліміздің тарихи және мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауда маңызды қадам болмақ, – деді ол.

Айта кетейік, университет археологтары Жанкент қалашығында 2005 жылдан бастап жүйелі зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазба жұмыстары барысында тұрғын үй орындары, құрылыс алаңдары, қорғаныс нысандары зерттелді. Бұл жұмыстар Ресей ғылым академиясының Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология институты және Германияның Тюбинген университетімен бірлескен халықаралық археологиялық экспедиция аясында жүзеге асырылуда. Жанкент қалашығы республикалық маңызы бар тарихи ескерткіш ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген.

Кездесу соңында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары университеттің жылдан-жылға қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтіп, профессор-оқытушылар мен ғалымдар тарапынан айтылған ұсыныстардың ескерілетінін, әрі Үкімет тарапынан тиісті қолдау болатынына сенім білдірді.


Корқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы
Байланыс телефоны: 8(7242) 26-21-34
 e-mail: media_korkyt@mail.ru

 

Қолжетімді қызметтер

PLATONUS

platonus.kz

E-univer

https://e-univer.korkyt.kz/

Call center

+7-7242-558877

МООK

МООK (Жаппай ашық онлайн сабақ)

Erasmus

erasmus

Сабақ кестесі

толығырақ...

Ғылыми кітапхана

толығырақ...