Түркі жастары ынтымақтастықты арттыруға мүдделі
ksu@korkyt.kz +7242 26-27-14, Қабылдау комиссиясы +7242 23-53-92
  • 30 қыркүйек 2024
  • 138

Түркі жастары ынтымақтастықты арттыруға мүдделі

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне "Мәдени мұра" халықаралық жобасы шеңберінде Түркияның Анталия қаласынан жастар делегациясы келді.

Шетелдік меймандар құрамы Акдениз университеті, Анталия Білім университеті, Анталия жастар орталығынан келген 16 адамнан құралды.

Басты мақсат - Түркия елінің Мәдениет және спорт министрлігі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті арасындағы "Мәдени мұра" халықаралық жобасын жандандыру.

Сапар аясында  түрік жастары қазақтың салт-дәстүрімен танысып, университеттің тыныс-тіршілігін көріп, екі ұлттың жастары өзара тәжірибе алмасты.

 

351.jpg

350.jpg

353.jpg

Бізді тарихымыз бен мәдениетіміз біріктіреді

Университет ұжымы қазақ елі, оның ішінде Сыр еліне алғаш табан тіреген түркітілдес бауырларды ыстық ықыласпен қарсы алды. Мәртебелі меймандар алдымен Қаламгерлер аллеясында “JaStar” студенттік ұйымдарының танысу кешіне куә болды.

Кешке Басқарма Төрағасы-ректор Бейбіткүл Кәрімова арнайы қатысып, шетелдік қонақтарға қошемет көрсетті.

Бағдарламаға сәйкес, түркиялық қонақтар  киелі Қармақшы жеріне сапар шегіп, Қорқыт ата кесенесін аралады. Бірлігі жарасқан, 11 ұлт өкілінің басын қосқан «III Интернационал» ауылына барды.

Ғылым мен білімде шекара жоқ

Тағлымды сапардан кейін делегациямен университет басшылығы ресми кездесті.

Оқу орнының Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнұр Бөрібаева мен Әлеуметтік тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай жоба аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесін айтып, кәдесый табыстады.

“Біздің ата жұртымыз, бабалар топырағына алғаш келуіміз. Бірінші күннен бастап қазақ жұрты керемет қарсы алып, барлық тарихын көрсетуде. Бауырлас ұлт ретінде  атадан қалған мұрамызға, тарихи жәдігерлерімізге,салт-дәстүрге ие болуды, оларды жаңа заман талабымен үйлестіруді жастардың бойына сіңіруіміз керек. Жобаның мақсаты да сол екі ел арасындағы мәдени байланысты жаңғырту.Түрік жастары үшін үлкен тәжірибе алаңы болды. Алда бірлескен жобамыз жалғасын табады деп сенемін”, - деді Анталия жастар орталығының директоры Ремзи Полат.

Сонымен қатар, түрік жастары университеттің оқу ғимараттары мен мұражайын аралап, материалдық-техникалық базасымен танысты.

 Келелі кездесуден кейін қонақтар мәдениет апталығы аясында ұйымдастырылған іс-шараларға қатысты.

Қазақ елі – түркі әлемінің қара шаңырағы

Қазақ елінің даласы - көшпенді өмір салтының негізінде қалыптасқан түркі өркениетінің төл бесігі. Бүгінде ұлы  құндылықтарымыз әлі күнге дейін қазақ ортасында сабақты жалғасын тауып келеді.

Түркияның Анталия өңірінен келген мәртебелі қонақтар қазақ халқының мәдени мұрасымен жақынырақ танысып, университеттің шығармашылық топтарының өнерін тамашалады.

“Дидар” халықтық фольклорлық-этнографиялық ансамблінің “Ұлы дала әуендері” концерті жоғары деңгейдегі өнерімен ерекше әсер қалдырды.  Концерттік бағдарлама терең ой мен ұлттық рухты бойына сіңірген қазақтың күйлері мен әндерінен тұрды.

Бұдан бөлек, түркиялық делегация жастар театрының сахналауында «Шәмші сүйген Изольда» атты сыған қойылымын тамашалады. Қойылым Шәмші Қалдаяқовтың өмірінен алынған оқиғалар негізінде өрбіп, екі жастың арасындағы махаббат хикаясын баяндады.

360.jpg

359.jpg

Мәдениет апталығы аясында  қонақтар “СырЭтноДизайн” балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер орталығының салтанатты ашылуының тұсаукесеріне қатысты. Меймандар балалар көрмесін тамашалап, жеткіншектер өз қолдарынан шыққан сыйлықтарын табыстады. Ары қарай, “Дизайн және технологиялар” білім беру бағдарламасының студенттерімен “Ұлттық қолөнер сыры” шеберлік сағатына қатысып, ұлттық құндылықтармен танысты.

352.jpg

355.jpg

354.jpg

356.jpg

357.jpg

358.jpg

“Көрмеге қойылған кесте, киіз, тоқыма үлгілері өте әдемі. Онда оюлардың ерекшелігі, үйлесімді қолданылуы таңқалдырды. Біздің мәдениетіміз бір-бірімен тоғысқан. Қазақ жері біз үшін түркі халқының атақонысы. Осы ортақ мәдениеттің әлі жалғасын тапқаны шын қуантады”,-деді Анталия жастар орталығының директоры Кизбан Гюрдал.

Бағдарламаға сәйкес, анталиялық жастар бос уақыттарында университет жастарымен қызықты әрі тиімді уақыт өткізді. Қызылордалық жастардың жатақханадағы бір күндік өмірімен танысып, Сырдың самал кешінде қазақ тілінде ән айтып, ашық аспан астында фильм тамашалады. Ал “Қызық эстафета” спорттық ойындары жастардың достық қарым-қатынасын одан әрі арттыра түсті.

Сапар барысында Қызылорданың әсем жерлерін аралап, Назарбаев зияткерлік мектебін, облыстық өлкентану мұражайын аралады. Облыстық жастар орталығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық қоғамдық ұйымының  жастарымен кездесіп, пікір алмасты.

Айта кетейік, Анталия жастар делегациясының сапары Түркия елінің Мәдениет және спорт министрлігі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті арасындағы "Мәдени мұра" халықаралық жобасы аясында ұйымдастырылды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің делегациясы маусым айында Анталияға барып, тәжірибе алмасқан.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы
Байланыс телефоны: 8(7242) 26-21-34

 

Қолжетімді қызметтер

PLATONUS

platonus.kz

E-univer

https://e-univer.korkyt.kz/

Call center

+7-7242-558877

МООK

МООK (Жаппай ашық онлайн сабақ)

Erasmus

erasmus

Сабақ кестесі

толығырақ...

Ғылыми кітапхана

толығырақ...