Университет профессоры Серікбай Қошқаров «Парасат» орденімен наградталды
ksu@korkyt.kz +7242 26-27-14, Қабылдау комиссиясы +7242 23-53-92
  • 10 сәуір 2025
  • 172

Университет профессоры Серікбай Қошқаров «Парасат» орденімен наградталды

Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ғылым саласының дамуына айрықша үлес қосқан бірқатар ғалымдарға мемлекеттік наградалар табыс етті. Бұл салтанатты шара – отандық ғылым мен білім саласына көрсетілген жоғары құрметтің белгісі.
Мемлекет басшысы рәсім барысында ғылыми қауымдастыққа арнаған сөзінде былай деді:
«Ғылым жолы – күрделі жол. Өз ісіне адал, табанды, еңбекқор, жаңашыл әрі жасампаз адамдар ғана ғылым жолындағы қиындыққа төзе алады. Біз шын мәнінде озық, ойлы ұлт боламыз десек, қоғамда осы қасиеттерді дәріптеп, орнықтыруымыз қажет. Ұлы Абай да өз заманында “Ғылым таппай мақтанба” деп өсиет қалдырды. Қазір технология қарқынды дамыған кезеңде біз үздіксіз ізденіске, терең білім мен ғылымға ерекше мән беруіміз керек. Мен Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай кезінде арнайы осы мәселеге тоқталдым. Бұл ретте, ғылыми қауымдастыққа айрықша жауапкершілік жүктелді. Өйткені, ғалым – ұлттық шамшырағы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

WhatsApp Image 2025-04-10 at 14.48.35.jpeg

Осы жиын аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің су шаруашылығы және жерге орналастыру білім беру бағдарламасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Серікбай Иманбайұлы Қошқаров Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін «Парасат» орденімен наградталды.
Серікбай Қошқаров 1945 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келген. Ол 1959–1963 жылдары Қызылорда гидромелиоративтік техникумында білім алып, кейін Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтын «Гидромелиорация» мамандығы бойынша тәмамдады. 1968–1969 жылдары Тасбөгет қыстағында күріш суармалы жүйесі құрылысында мастер қызметін атқарды. 1970–1978 жылдары Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі болып жұмыс істеді.
1978 жылы Мәскеу гидромелиорация институтында техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғап, 1997 жылы Мәскеу мемлекеттік табиғатты үйлестіру университетінде докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтының Қызылорда филиалында кафедра меңгерушісі ретінде еңбек етіп, кейін екі жоғары оқу орны бірігіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қалыптасуына үлес қосты.
Ғалымның 2 монографиясы, 3 оқу құралы, 2 әдістемелік нұсқаулығы және 150-ден астам ғылыми мақаласы жарық көрген. Оның ғылыми жетістіктері мен тәжірибесі еліміздің су шаруашылығы, экология және аграрлық ғылым саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді.
Ерен еңбегі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің “Қазақстан Республикасының Білім беру үздігі” төс белгісімен, “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл” мерейтойлық медалімен, “Құрмет” орденімен, “Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін” медалімен, “Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері” атағымен және Ахмет Байтұрсыновтың төсбелгісімен марапатталған.

WhatsApp Image 2025-04-10 at 14.48.35 (1).jpeg

Осы мәртебелі марапат – ғалымның ел ғылымы мен білімінің дамуына қосқан сүбелі үлесінің және қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұжымының атынан Серікбай Иманбайұлына зор денсаулық, жаңа ғылыми жетістіктер тілейміз!

Қолжетімді қызметтер

PLATONUS

platonus.kz

E-univer

https://e-univer.korkyt.kz/

Call center

+7-7242-558877

МООK

МООK (Жаппай ашық онлайн сабақ)

Erasmus

erasmus

Сабақ кестесі

толығырақ...

Ғылыми кітапхана

толығырақ...