ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ИСПАНИЯДА ӨТКЕН ERASMUS+ CYBER4CA ОҚУ АПТАЛЫҒЫ МЕН ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ
ksu@korkyt.kz +7242 26-27-14, Қабылдау комиссиясы +7242 71-07-45
  • 02 шілде 2026
  • 36

ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ИСПАНИЯДА ӨТКЕН ERASMUS+ CYBER4CA ОҚУ АПТАЛЫҒЫ МЕН ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ

2026 жылғы 15-19 маусым аралығында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің делегациясы Еуропалық Одақтың Эразмус+ KA2 Жоғары білім әлеуетін арттыру бағдарламасы аясындағы «Орталық Азияның цифрлық еңбек нарығы үшін киберқауіпсіздік саласындағы инновациялық магистрлік білім беру бағдарламасын әзірлеу - Cyber4CA» жобасы шеңберінде өткізілген (Teaching Staff Training) оқу апталығы мен консорциумның үйлестіру кеңесіне қатысты.

Халықаралық іс-шара Испания Корольдігі, Мадрид қаласындағы Мадрид политехникалық университетінің (Universidad Politécnica de Madrid, UPM) Жоғары телекоммуникация инженерлері техникалық мектебінде (ETSIT) өтті.

Оқу апталығына Испания, Бельгия, Италия, Румыния, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің жоғары оқу орындары, мемлекеттік мекемелері мен халықаралық серіктес ұйымдарының өкілдері қатысты.

Cyber4CA жобасының негізгі мақсаты - Орталық Азия елдерінің цифрлық еңбек нарығы талаптарына сәйкес киберқауіпсіздік саласында инновациялық магистрлік білім беру бағдарламасын әзірлеу, оқу жоспарларын жаңарту, заманауи CyberLab зертханаларын құру, оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру және еуропалық озық тәжірибелерді жоғары білім жүйесіне енгізу.

Снимок экрана 2026-07-02 171745.png

Снимок экрана 2026-07-02 171804.png

Университет атынан іс-шараға:

Қоңырбаев Нұрбек Беркінбайұлы - «Компьютерлік ғылымдар» білім беру бағдарламасының жетекшісі, қауымдастырылған профессор, PhD;

Адранова Асельхан Бағдатовна - «Компьютерлік ғылымдар» білім беру бағдарламасының қауымдастырылған профессоры, PhD;

Кеншінбай Темірболат Ыбрайұлы - халықаралық жобалар және стипендиялық бағдарламалар бойынша жұмыс тобының жетекшісі, Cyber4CA жобасының университеттегі жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты қатысты.

Бірінші күн тақырыбы: киберқауіпсіздік мамандарын даярлаудағы еуропалық тәжірибе

Бағдарламаның алғашқы күні Мадрид политехникалық университеті, Еуропалық Одақ өкілдері, Cyber4CA жобасының үйлестірушілері, сондай-ақ Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның білім беру саласындағы уәкілетті органдары өкілдерінің құттықтау сөздерімен басталды.

Қатысушылар Мадрид политехникалық университетінің киберқауіпсіздік бағытындағы магистрлік бағдарламасымен танысты. Еуропалық сарапшылар оқу бағдарламасының құрылымы, пәндердің мазмұны, ғылыми-зерттеу жұмыстары, өндіріс орындарымен және мемлекеттік органдармен әріптестік байланыс, сондай-ақ практикалық оқыту үлгісі туралы ақпарат берді.

Сонымен қатар делегация ETSIT мектебінің заманауи зертханаларымен, оқу және ғылыми инфрақұрылымымен танысып, киберқауіпсіздік саласында маман даярлауға арналған зертханалық ортаны ұйымдастыру тәжірибесін зерделеді.

Снимок экрана 2026-07-02 171723.png

Екінші күн тақырыбы: киберқауіпсіздікті оқытудың заманауи әдістері

Екінші күн киберқауіпсіздік пәндерін оқытудың жаңа әдістемелері мен практикалық тәсілдеріне арналды. Румынияның Ұлттық ғылым және технологиялар университеті «Политехника Бухарест» мамандары бұлттық технологиялар қауіпсіздігі, заттар интернеті қауіпсіздігі, федеративті оқыту және кибершабуылдар мен аномалияларды анықтау бойынша практикалық зертханалық жұмыстарды ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісті.

Фишингтік шабуылдарды тану және оларға жауап беру тақырыбында арнайы практикалық сессия өткізілді. Қатысушылар күмәнді электрондық хаттарды талдау, хат тақырыптарын зерттеу, қауіптерді анықтау, оларды жіктеу және ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларына әрекет ету тәсілдерін қарастырды.

Сондай-ақ киберқауіпсіздік бойынша білім беру бағдарламаларын әзірлеу, түлектердің кәсіби құзыреттерін қалыптастыру және еңбек нарығы талаптарына сәйкес оқу жоспарларын жетілдіру мәселелері талқыланды.

Үшінші күн тақырыбы: CyberLab зертханалық инфрақұрылымын жобалау

Үшінші күн практикалық жұмысқа бағытталды. Италияның Scuola Superiore Sant'Anna жоғары мектебінің сарапшылары интеллектуалды жүйелер үшін киберқауіпсіздік мамандарын даярлау тәжірибесін таныстырып, пәнаралық зерттеулер мен инновациялық экожүйені дамыту бағытындағы озық тәжірибелерімен бөлісті.

Қатысушылар киберқауіпсіздік және криптография бойынша зертханалық тапсырмаларды орындап, магистрлік білім беру бағдарламаларына арналған CyberLab зертханасының тұжырымдамасын әзірледі. Интерактивті жұмыс барысында зертхананың құрылымы, қажетті құрал-жабдықтар, оқу модульдері, қауіпсіздік талаптары және енгізу кезеңдері талқыланды.

Күн соңында қатысушылар өздерінің CyberLab үлгілерін таныстырып, зертхананы құрудағы басымдықтар, мүмкін болатын тәуекелдер мен шектеулер бойынша пікір алмасты.

Төртінші күн тақырыбы: Cyber4CA жобасының үйлестіру кеңесі

18 маусым күні Cyber4CA жобасының консорциумдық үйлестіру кеңесі өтті. Кеңес барысында жобаның негізгі жұмыс пакеттері бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер қаралды.

Атап айтқанда, жобаны басқару және қаржылық үйлестіру, киберқауіпсіздік саласындағы қолданыстағы білім беру бағдарламаларын талдау, жаңа магистрлік бағдарламалар мен оқу курстарын әзірлеу, CyberLab зертханаларын құру, сапаны қамтамасыз ету және мониторинг жүргізу, жобаның нәтижелерін тарату және тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Орталық Азия елдерінің серіктес университеттері білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат беріп, алдағы бірлескен іс-шараларды жоспарлады.

Бесінші күн тақырыбы: заманауи киберқауіпсіздік зертханаларын дамыту

Қорытынды күн заманауи киберқауіпсіздік зертханаларын дамыту мәселелеріне арналды. Бельгияның Антверпен университетінің сарапшылары бұлттық есептеулер, Edge Computing, IoT жүйелері, виртуалды желілер, контейнерлік технологиялар, мониторинг платформалары және бағдарламалық анықталатын инфрақұрылымдар негізінде зертханалық орталарды құру тәжірибесін ұсынды.

Қатысушылар магистрлік курстарға енгізуге болатын зертханалық модульдерді жобалап, білім алушылардың оқу нәтижелерін бағалау, зертханалық жұмыстарды құжаттандыру, сапаны қамтамасыз ету және аккредиттеу талаптарына сай материалдар әзірлеу мәселелерін талқылады.

Бағдарлама соңында қатысушыларға оқу апталығын сәтті аяқтағанын растайтын сертификаттар табысталды.

Университет үшін маңыздылығы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті делегациясының Erasmus+ Cyber4CA жобасы аясындағы халықаралық оқу апталығына қатысуы университеттің халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуге және киберқауіпсіздік бағытындағы білім беру бағдарламаларын жетілдіруге бағытталған маңызды қадам болды.

Іссапар барысында алынған тәжірибе киберқауіпсіздік саласындағы инновациялық магистрлік білім беру бағдарламасын әзірлеуге, практикалық бағыттағы оқыту әдістерін енгізуге, университетте CyberLab зертханасын құруға және жетекші еуропалық жоғары оқу орындарымен ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтуға мүмкіндік береді.

Аталған жоба университеттің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттырып, Қазақстанның цифрлық экономикасы мен Орталық Азияның еңбек нарығына қажетті жоғары білікті киберқауіпсіздік мамандарын даярлауға зор үлес қосады.

 Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қолжетімді қызметтер

PLATONUS

platonus.kz

E-univer

https://e-univer.korkyt.kz/

AI-Sana бағдарламасы

толығырақ...

МООK

МООK (Жаппай ашық онлайн сабақ)

Erasmus

erasmus

Сабақ кестесі

толығырақ...

Ғылыми кітапхана

толығырақ...

МегаПРО-диссертации