ШЕКАРАСЫЗ БІЛІМ: «ШЕТЕЛДЕ ОҚУ ӨЗІМЕ ДЕГЕН СЕНІМІМДІ АРТТЫРДЫ»
ksu@korkyt.kz +7242 26-27-14, Қабылдау комиссиясы +7242 71-07-45
  • 16 қараша 2026
  • 47

ШЕКАРАСЫЗ БІЛІМ: «ШЕТЕЛДЕ ОҚУ ӨЗІМЕ ДЕГЕН СЕНІМІМДІ АРТТЫРДЫ»

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 2-курс студенті Айдана Есхазы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Кореяда білім алуда. Мамандығы корей тілімен байланысты болғандықтан, ол таңдаған тілін күнделікті ортада қолданып, елдің мәдениеті мен дәстүрін тереңірек танып-білуді мақсат еткен.
«Бұл бағдарламаға білімімді жетілдіріп, жаңа тәжірибе жинау үшін қатыстым. Басқа елде өмір сүріп, білім алу арқылы өзімді дамытып, алдымнан ашылатын жаңа мүмкіндіктерді көргім келді. Кореяны таңдауымның басты себептерінің бірі – мамандығымның корей тілімен байланысты болуы», – дейді Айдана.
Студенттің айтуынша, Кореяға алғаш келген сәттен бастап қалалардың заманауи келбеті мен қоғамдық көлік жүйесінің қолайлылығы ерекше әсер қалдырған. Бұған дейін суреттерден көрген тарихи және көрікті орындарды өз көзімен көру оның елге деген қызығушылығын одан әрі арттыра түскен.

WhatsApp Image 2026-11-16 at 16.34.12 (3).jpeg

WhatsApp Image 2026-11-16 at 16.34.12 (2).jpeg     WhatsApp Image 2026-11-16 at 16.34.13 (1).jpeg

Университетте шетелдік студенттердің жаңа ортаға бейімделуіне ерекше көңіл бөлінеді. Олар үшін түрлі мәдени іс-шаралар, танымдық кездесулер мен саяхаттар ұйымдастырылады. Осындай шаралардың арқасында Айдана жаңа достар тауып, Кореяның тарихы мен тұрмыс-тіршілігін жақынырақ танып жүр.
Оған корей қоғамындағы заманауи өмір салты мен ұлттық дәстүрлердің үйлесім табуы ерекше ұнаған. Сондай-ақ жергілікті халықтың әдептілігі, үлкендерге құрмет көрсетуі және қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтауы да жақсы әсер қалдырған. Айдананың пікірінше, үлкенді сыйлау тұрғысынан корей және қазақ халықтарының мәдениетінде ұқсастық бар.

WhatsApp Image 2026-11-16 at 16.34.12.jpeg

WhatsApp Image 2026-11-16 at 16.34.13.jpeg

Бос уақытында ол жаңа жерлерді аралап, елдің көрікті орындарымен танысады. Солардың бірі – Сувон қаласындағы Хвасон Хэнгун сарайы. Тарихи мекенге жасаған саяхат студентке корей халқының өткені мен мәдени мұрасын тереңірек түсінуге мүмкіндік берген. Сонымен қатар, ол жергілікті асхананың түрлі тағамдарынан дәм татып, кальгуксуды ұнатқанын, ал ащы кимчи тиге сорпасына үйрену қиындау болғанын айтады.
Шетелдік достары Айданадан Қазақстанның географиялық орналасуы, тілі, табиғаты мен ауа райы туралы жиі сұрайды. Ол оларға еліміздің кең байтақ даласы, әсем табиғаты, қонақжай халқы және ұлттық дәстүрлері туралы әңгімелейді.
«Кореяда жүріп бұрынғыдан да дербес әрі жауапты бола бастағанымды байқадым. Көптеген мәселені өз бетімше шешіп, жаңа жағдайларға бейімделуді үйреніп келемін. Шетелде оқу дүниетанымымды кеңейтіп, өзге мәдениеттерді түсінуге ықпал етті. Сонымен қатар, өз елімнің, отбасым мен жақындарымның қадірін бұрынғыдан да терең сезіндім», – дейді Айдана.

WhatsApp Image 2026-11-16 at 16.34.12 (1).jpeg     WhatsApp Image 2026-11-16 at 16.34.11.jpeg

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы оған корей тілін табиғи ортада жетілдіріп қана қоймай, болашақ мамандығына қажетті кәсіби тәжірибе жинауға жол ашуда. Елге оралғаннан кейін студент Кореяда алған білімі мен тәжірибесін мамандығы бойынша қолданып, басқа жастарды да халықаралық бағдарламаларға қатысуға ынталандырғысы келеді.
«Шетелде білім алуды армандайтын студенттерге қорықпай, берілген мүмкіндікті пайдалануға кеңес беремін. Алғашында қиындықтар кездескенімен, мұндай тәжірибе адамның өзіне деген сенімін арттырып, дамуына үлкен серпін береді», – дейді ол.
Айдана Есхазы Кореядағы студенттік өмірін «өсу, тәжірибе, тәуелсіздік» деген үш сөзбен сипаттайды. Өйткені академиялық ұтқырлық оған жаңа білім алып қана қоймай, өз мүмкіндіктерін танып, дербес тұлға ретінде қалыптасуға мүмкіндік беріп келеді.


Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы

Қолжетімді қызметтер

PLATONUS

platonus.kz

E-univer

https://e-univer.korkyt.kz/

AI-Sana бағдарламасы

толығырақ...

МООK

МООK (Жаппай ашық онлайн сабақ)

Erasmus

erasmus

Сабақ кестесі

толығырақ...

Ғылыми кітапхана

толығырақ...

МегаПРО-диссертации