ШЕКАРАСЫЗ БІЛІМ: КОРЕЯДАҒЫ БІЛІМ САПАРЫ
ksu@korkyt.kz +7242 26-27-14, Қабылдау комиссиясы +7242 71-07-45
  • 23 қараша 2026
  • 7

ШЕКАРАСЫЗ БІЛІМ: КОРЕЯДАҒЫ БІЛІМ САПАРЫ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің  2-курс студенті Маржан Мейрамбекқызы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Оңтүстік Кореядағы Kangnam университетінде білім алып жүр.
Маржан мектеп кезінен бастап Кореяның мәдениеті мен дәстүріне, ұлттық тағамдары мен музыкасына қызығушылық танытқан. Сондықтан студенттерге академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Кореяда білім алу мүмкіндігі берілетінін естігенде, көп ойланбастан қажетті құжаттарды жинауға кіріскен.
«Бағдарламаға іріктеу кезеңі әділ әрі ашық өтті. Барлық үміткер ағылшын тілінен тест тапсырып, қажетті құжаттарды бірге жинадық. Кореяға алғаш келген күнім оңай болған жоқ. Интернет пен картаға қол жеткізе алмай, қайда баратынымызды және қай жерде тұрғанымызды білмей қиналдық. Дегенмен жаңа ортаға тез бейімделдім. Тіпті кейбір кореялықтар мені жергілікті тұрғын деп ойлаған кездер де болды», – дейді Маржан.

WhatsApp Image 2026-11-23 at 15.30.58 (2).jpeg

WhatsApp Image 2026-11-23 at 15.30.57.jpeg

Kangnam университетіндегі білім беру үдерісінің басты ерекшеліктерінің бірі – цифрлық жүйенің кеңінен қолданылуы. Студенттердің сабаққа қатысуы, кешігуі немесе сабақтан қалуы университеттің арнайы мобильді қосымшасы арқылы автоматты түрде тіркеледі.
Студенттің айтуынша, сабақ беру әдісінде айтарлықтай айырмашылық жоқ. Қазақстанда да, Кореяда да оқытушылар сабаққа жауапкершілікпен қарап, әр дәріске жан-жақты дайындалып келеді.
Қазіргі таңда Маржан корей тілінде орта деңгейде оқу және жазу, корейдің дәстүрлі мәдениеті мен контенті, корей әдебиеті, корей қоғамын талдау, шығармашылық және пәнаралық жазу пәндерін оқып жүр.

WhatsApp Image 2026-11-23 at 15.30.58 (1).jpeg     WhatsApp Image 2026-11-23 at 15.30.58.jpeg

«Маған әсіресе Creative Convergent Writing пәні ұнайды. Бұл сабақта корей тілінде сауатты әрі шығармашылық бағытта жазуды үйренеміз. Оқытушы әр сабаққа түрлі тапсырмалар дайындап, бізбен жеңіл әрі түсінікті корей тілінде сөйлеседі. Алғашқы кезде тілдік кедергілер кездесті. Алайда күн сайын корей тілін оқып, тәжірибе жасағаннан кейін бұл қиындықтар біртіндеп азая бастады. Мүмкіндігінше жергілікті тұрғындармен, әсіресе оқытушылармен сөйлесуге тырысамын. Сондай-ақ өзіммен қатарлас кореялық студенттермен достасып, тілдік тәжірибемді жетілдіріп жүрмін», – дейді ол.
«Академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы алғаш рет шетелге шығып, дүниетанымымды кеңейттім. Болашақта шетелде білімімді жетілдіріп, жинаған тәжірибемді Қазақстанда қолдануға деген құлшынысым артты. Осы сапар барысында корей және ағылшын тілдеріндегі білімімді жетілдіріп, адамдармен еркін қарым-қатынас жасауға үйрендім. Бұрын бейтаныс адамдармен сөйлесуге қысылатын болсам, қазір коммуникация орнатудан қорықпаймын», – дейді Маржан.

WhatsApp Image 2026-11-23 at 15.30.58 (4).jpeg     WhatsApp Image 2026-11-23 at 15.30.58 (3).jpeg

Ол елге оралғаннан кейін тілдік деңгейін одан әрі көтеріп, корей тілін үйренгісі келетін жастарға көмектесуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар шетелде білім алуға ниетті студенттерге академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысу, құжат жинау және тілдік дайындық бойынша өз тәжірибесімен бөліскісі келеді.

Маржанның пікірінше, шетелде білім алуға дайындық ең алдымен тілді меңгеруден басталуы керек. Себебі тілдік білімнің жеткіліксіздігі күнделікті қарым-қатынас кезінде ғана емес, сабақ оқу мен емтихан тапсыру барысында да қиындық туғызады.
«Бұл сапарды жарқын болашағыма жасаған алғашқы қадамым деп сипаттар едім. Академиялық ұтқырлық – басқа елде білім алу ғана емес, адамның өзіне деген сенімін арттырып, дүниетанымын кеңейтетін және жаңа мақсаттарға жетелейтін үлкен мүмкіндік», – дейді Маржан.


Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы

Қолжетімді қызметтер

PLATONUS

platonus.kz

E-univer

https://e-univer.korkyt.kz/

AI-Sana бағдарламасы

толығырақ...

МООK

МООK (Жаппай ашық онлайн сабақ)

Erasmus

erasmus

Сабақ кестесі

толығырақ...

Ғылыми кітапхана

толығырақ...

МегаПРО-диссертации